Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Қорғаныс министрі әскер реформасының басымдықтарын атады

Фото көзі: : Қорғаныс министрлігі
ZontNews.kz
Қыр. 29, 2026, 11:25 Т.Ж.

Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, Қазақстан Қарулы күштерін жаңғыртудың негізгі бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды ZontNews.kz.  

Кеңесте президенттің әскерді кешенді реформалау жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі қаралды. Министрлік мәліметінше, басты назар бөлімдердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, әскери дайындықтың сапасын көтеруге, сондай-ақ қару-жарақ пен техниканы жаңартуға аударылады.

Реформаның маңызды бағыттарының бірі – әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту. Командирлерге бөлімдерде салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысын күшейту және жеке құрамның қызмет жағдайын жақсарту тапсырылды.

Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға қайшы қарым-қатынастардың алдын алуға және мұндай әрекеттерге жол бермеуге ерекше көңіл бөлінбек.

Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін де айтты. Командирлер жеке құрамның жоғары дайындығын, бөлімшелердің үйлесімді әрекетін және түрлі жағдайда тапсырма орындауға тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуге тиіс.

Әскерді басқару үдерістерін цифрландыру, артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту жоспарланып отыр. Осы арқылы босатылған ресурстар Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталмақ.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесі де қайта қаралады. Қару-жарақ пен қажетті ресурстарды сатып алу кезінде әскердің нақты сұранысы мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттары ескерілуге тиіс.

Мырзахметов бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, негізсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

«Әскер есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді министр.

Айдос Мырзахметов Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғадан кейін қорғаныс министрі болып тағайындалған еді. 24 қыркүйекте Каспий теңізінде ауа райы күрт бұзылып, 19 әскери қызметкерді су алып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, үш адам құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз