Кенжебай Мәденұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ZontNews.kz. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жарлыққа сәйкес, соғыс жылдарында көрсеткен ерекше ерлігі мен батылдығы үшін Кенжебай Мәденұлына жоғары мемлекеттік награда табысталды. Оған айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені берілді.
Деректерге сүйенсек, Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Берлин операциясы барысында ерлік көрсетіп, Рейхстаг маңындағы маңызды нысандардың бірі – Ратушаны азат етуге қатысқан. Батыр өз взводын бастап кіріп, ғимаратты жаудан тазартқан және ту тіккен.
Кенжебай Мәденов – қазақтың әйгілі батыры әрі ақыны Махамбет Өтемісұлы ұрпағы.
Жауынгерлік ерлігі үшін ол екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сондай-ақ «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз