Қазақстанда жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді
Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы 28 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қазір әлеуметтік қорғау жүйесінде республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақының 39 түрі қарастырылған. Жаңа тәсіл бойынша олардың 14-ін тағайындау кезінде азаматтың мұқтаждық деңгейі ескеріледі.
Өзгерістер Отбасының цифрлық картасы бойынша әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты отбасыларды білдіретін «А» және «В» санаттарына жатқызылған азаматтарға қатысты болады.
Тізімге мыналар енді:
- балалы және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер;
- мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын ата-аналар мен басқа тұлғаларға төленетін жәрдемақылар;
- мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша берілетін жәрдемақылар;
- жерлеуге арналған төлем;
- соғыс қимылдарының ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және мемлекеттік атақтарға ие азаматтарға берілетін жекелеген арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар.
Министрлік жаңа тәртіптің әр төлемнің түріне қарай қолданылатынын атап өтті. Отбасының «А» немесе «В» санатына жатқызылуы барлық жәрдемақының автоматты түрде тоқтатылатынын білдірмейді.
«Егер бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алып жүрсе, бұл төлем сақталады. Ал егер оның басқа төлемге, мысалы, баланың дүниеге келуіне байланысты жәрдемақыға құқығы пайда болса, ол мұқтаждық деңгейі ескеріле отырып тағайындалады», – деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Осылайша, әрбір төлем оны тағайындау негізі мен азаматтың мұқтаждық деңгейіне қарай жеке қарастырылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз