Қазақстанда «закладчиктер» көбейіп барады: мыңдаған есірткі қылмысы тіркелді
Қазақстанда синтетикалық есірткі таратумен айналысатын «закладчиктер» мәселесі өзекті болып отыр. Мектеп оқушылары мен жастар жазғы демалыс кезінде әлеуметтік желілердегі «оңай табыс» туралы жарнамаларға жиі алданып, қылмыстық схемаға тартылып кету қаупі күшейген, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында ел бойынша есірткіге қатысты 1445 қылмыс тіркелген. Оның 991-і – есірткі сату фактілері. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 476 келісі – синтетикалық есірткі.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, осы кезеңде есірткі қылмыстары үшін 76 шетел азаматы ұсталған. Олардың арасында есірткі сатушылар мен «закладчиктер» де бар.
Өңірлер бойынша да көрсеткіштер тіркелуде. Мәселен, Жетісу облысында төрт ай ішінде 43 адам ұсталып, олардың жетеуі «жасырын салымшы» екені анықталған. Бұл бағытта 51 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Мамандардың айтуынша, есірткі саудасының басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асады. Telegram-арналар, жасырын боттар, криптовалюта және VPN арқылы жұмыс істейтін қылмыстық топтар жастарды «жылдам ақша» уәде етіп тартады.
Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қуаныш Мирзаевтың айтуынша, профилактикалық рейдтер барысында есірткіге қатысты белгілер мен жазбалар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанда есірткіге қатысты заңнама қатаңдатылды. Есірткі таратумен айналысқандарға 5 жылдан 20 жылға дейін, ал ауыр жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз