Қазақстанда бюрократияны азайтуға ЖИ қолданылмақ
Қазақстанда мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалау үшін жасанды интеллектті қолдану жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдық Ұлттық экономика министрлігінің жаңартылған әдістемесінде қарастырылған, деп хабарлайды ZontNews.kz. Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа жүйе мемлекеттік қызметшілердің жүктемесін талдау, ведомстволар жұмысындағы ауытқуларды анықтау және ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланбақ. Сонымен қатар, бұл тәсіл бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, мемлекеттік процестерді оңтайландыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың функцияларын жаңа тәсілмен жіктеу енгізіледі. Олар бес санатқа бөлінеді: басым, әмбебап, процестік, аралас және қосалқы. Бұл жүйе қай міндеттерді автоматтандыруға немесе жеңілдетуге болатынын анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдар функционалдық талдауды 20 жұмыс күні ішінде жүргізуге міндеттеледі. Нәтижелер тексеруден өтіп, қорытынды құжат ретінде Үкімет қарауына ұсынылады.
Сондай-ақ Мемлекеттік басқару академиясы жанынан жасанды интеллект зертханасын құру жоспарланып отыр. Ол мемлекеттік секторға арналған цифрлық шешімдерді әзірлеумен және енгізумен айналысады. Жаңа ережелер 9 маусымнан бастап күшіне енеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз