Қазақстанда 4 739 адам ағза трансплантациясын күтуде
13 тамызда Дүниежүзілік орган донорлығы күні аталып өтеді. Бұл күн трансплантацияға мұқтаж пациенттерге донорлықтың маңызын еске салып, қоғам назарын адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін игі іске аударады, деп хабарлайды ZontNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстанда 4 739 адам, оның ішінде 125 бала ағза трансплантациясын күтуде. Олардың 4 208-іне бүйрек, 293-іне бауыр, 208-іне жүрек, 30 пациентке өкпе трансплантациясы қажет.
Соңғы жылдары трансплантация саны артып келеді: 2023 жылы – 236, 2024 жылы – 260, 2025 жылы – 310 операция жасалған. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантация жүргізіліп, оның 30-ы қайтыс болған донорлардың ағзалары арқылы орындалды.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бойынша да оң динамика байқалады. 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы – 86, 2025 жылы – 186, ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 108 әлеуетті донор тіркелген.
Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін eGov арқылы алдын ала білдіре алады. Қазіргі таңда 172 283 адам өз ұстанымын тіркеген: 16 109 адам донорлыққа келісім берсе, 156 174 адам бас тартқан.
Донорлық – әр азаматтың ерікті әрі жеке таңдауы. Оның басты мақсаты – трансплантацияны күтіп жүрген адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беру.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз