Қазақстан Киевті шабуылдарды тоқтатуға шақырды
Қазақстан Украинадан Қара теңіздегі кемелерге жасалатын дрон шабуылдарын тоқтатуды тікелей талап етті. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нью-Йоркте украиналық әріптесі Андрей Сибигамен кездескеннен кейін Ulysmedia.kz басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сыртқы істер министрлерінің кездесуі БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өтті. Тараптар Қара теңіз арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатысатын кемелердің қауіпсіздігін талқылады.
«Біз Украина тарапымен, ең алдымен, Қара теңіздегі біздің кемелерімізге дрондармен шабуыл жасауға бұдан былай жол бермеу қажеттігі туралы сөйлестік», – деді Тілеуберді.
Қазақстан бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Шілдеде Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық танкерлерге жасалған дрон шабуылдарын айыптады. Астана бұл әрекетті елдің экономикалық мүдделеріне қол сұғу деп бағалады.
Тағы бір оқиға 8 қыркүйекте КҚК теңіз терминалының маңында болды. Дронның пайда болуына байланысты ВПУ-2 және ВПУ-3 айлақ құрылғыларында мұнай тиеу уақытша тоқтатылды. Жабдықтар мен танкерлер тексерілгеннен кейін жұмыс қайта жалғасты. Қазақстан мұнайын қабылдауға шектеу қойылған жоқ.
КҚК Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыт болып қала береді. Елдің шетелге жеткізетін мұнайының басым бөлігі осы консорциумның Қара теңіздегі инфрақұрылымы арқылы тасымалданады. Шілде айында Астана КҚК-ға қатысы бар кемелерге жасалған шабуылдар мәселесін ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында да көтерген.
Нью-Йоркке сапары кезінде Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де кездесті. Қазақстандық министрдің айтуынша, Ресей тарапы Украинамен келіссөз бастап, соғысты мүмкіндігінше тезірек аяқтауға шақырылған.
Тілеуберді Мәскеу мен Киев өздері ниет білдірген жағдайда Қазақстан келіссөз өткізуге алаң ұсынуға дайын екенін атап өтті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз