Еліміздің бес өңірінде жылу беріле бастады
Қазақстанның бірқатар өңірінде жылыту маусымы басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қазір Павлодар, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жылу беріле бастады.
Ауа райына байланысты осы аптаның соңына дейін Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында да жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр.
Вице-министрдің айтуынша, жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Энергия өндіруші нысандарда жылыту маусымына қажетті отын қоры жинақталған.
Елімізде жоспарланған 17 мың шақырым электр беру желісін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Төрт қосалқы станциядағы жұмыстар соңғы кезеңге жеткен. Жоспардағы 377 шақырым жылу желісінің 374 шақырымы жөнделді.
Энергетика министрлігі Петропавл, Степногорск және Семей қалаларындағы дайындық жұмыстарын ерекше бақылауға алған.
Петропавлда өткен аптада үш жылу магистралін қайта жаңғырту аяқталды. Степногорскіде әлеуметтік нысандарға жылу 25 қыркүйектен бері беріліп жатыр, қазір тұрғын үйлерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Семейдегі жылыту маусымына дайындық деңгейі 82 пайызға жеткен.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз