Азамат Қапенов Instagram арқылы мәлімдеме жасады
Қазақстанда халықаралық іздеуде жүрген, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Instagram-да жарияланған видеода ол өзіне қатысты «ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Қапеновтің айтуынша, ата-анасына тиесілі «Евротрансгрупп» компаниясы Достық станциясында ірі порт құрылысын жүргізіп жатыр.
Оның сөзінше, жобаға қажетті жер телімдері жеке тұлғалардан сатып алынған, ал құрылыс жұмыстары несиелік қаражат есебінен жүзеге асырылған.
«Бұл шындыққа жанаспайды. Біздің компания Орталық Азиядағы ең үлкен порттардың бірін салып жатыр. Ол Достық станциясында орналасқан», – деді Қапенов.
Сонымен қатар ол құрылыс жұмыстары 2022 жылдың маусымында басталғанын, ал алғашқы кезеңі 2023 жылдың ақпанында аяқталғанын айтты. Оның мәліметінше, сол уақыттан бастап нысан ай сайын шамамен бір миллион доллар табыс әкеле бастаған.
Қапенов кейінірек банк төңірегіндегі жағдай мен «рейдерлік» туралы да мәлімдеме жасайтынын жеткізді.
Бұған дейін оның Қырғызстанда жүргені және жергілікті төлқұжат көрсеткені туралы ақпарат тараған еді. Сондай-ақ ол бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде болған. Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі оны халықаралық іздеуде ұстап отыр.
Тергеу мәліметінше, Қапеновке қатысты іс «ҚазТемірТранс» компаниясындағы заңсыз артықшылықтар беру және 5,2 млрд теңгеден астам шығын келтіру күдігімен байланысты.
2025 жылы ол БАӘ-де ұсталғанымен, кейін босатылған. Әмірліктер қазақстандық тарап ұсынған дәлелдер жеткіліксіз болғандықтан экстрадициядан бас тартқан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз