Алматыдағы психологиялық тренингтен кейін ұйымдастырушыға айыппұл салынды
Әлеуметтік желілерде психологиялық тренинг кезінде түсірілген видео кең тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп, шара ұйымдастырушысына әкімшілік жаза қолданды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Видеода тренинг жүргізушісі әйел қатысушыдан былапыт сөздерді бірнеше рет дауыстап айтуын сұрап, өзге қатысушыларды да қолдауға шақырғаны көрінеді. Кейін басқа адамдар да оған қосылған. Тренингтің мақсаты эмоциялық қысымды азайтып, ішкі сезімдерді сыртқа шығару болғаны айтылуда.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, іс-шара барысында кейбір қатысушылар қоғамдық ортада әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Оқиға бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы ұйымдастырушыға қатысты “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша әкімшілік іс қозғады.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ұйымдастырушыға 20 АЕК көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.
Полиция өкілдері кез келген көпшілік іс-шара заң талаптары мен қоғамдық тәртіп нормаларына сай өткізілуі тиіс екенін еске салды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз