Алматы облысында нәрестенің өліміне байланысты дау шықты
Алматы облысында жаңа туған сәбиінен айырылған отбасы перзентхана қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп, сотқа жүгінуге дайындалып жатыр. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро бағдарламасы хабарлады.
Марқұм сәбидің туыстарының айтуынша, толғағы келген әйелге перзентханада бос палата табылмаған. Соның салдарынан ол дәлізде арбамен бара жатқан сәтте босанып, нәресте еденге құлап кеткен. Отбасы сәби осы оқиғадан кейін ауыр жарақат алып, бес күннен кейін көз жұмғанын алға тартады.
Жақындарының сөзінше, жүктілік кезінде ана мен баланың жағдайына қатысты ешқандай шағым болмаған. Олар жаңа туған нәрестенің өліміне медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп есептейді.
Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аталған факті бойынша қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, түпкілікті қорытынды ішкі тексеру, медициналық құжаттарға жүргізілетін сараптама және уәкілетті ұйымдардың қорытындылары негізінде шығарылады. Тексеру нәтижесіне сәйкес қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз