11 жасар қыздың анасы әділдік іздеп жүр
Ulysmedia басылымына сілтеме жасаған ZontNews.kz. мәліметінше, Шымкентте жол апатынан ауыр жарақат алып, аяғынан айырылған 11 жасар Мадина Өтегенованың анасы Жанар Түгелбаева сот шешімінің орындалуын және кінәлі тараптың өтемақы төлеуін талап етіп келеді.
Оқиға 2023 жылдың 20 желтоқсанында болған. Тежегіші істен шыққан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілерді қағып, салдарынан Мадина ауыр жарақат алған. Қыз бір жыл ішінде 65 отадан өтіп, кейін дәрігерлер оның сол аяғын ампутациялауға мәжбүр болған.
Анасының айтуынша, жүргізуші бастапқыда емдеу шығындарын толық өтеп беруге уәде еткендіктен, ол қылмыстық талаптан бас тартқан. Кейін азаматтық сот кінәлі азаматты 27 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттегенімен, бұл шешім әлі күнге дейін толық орындалмаған.
Қазір Жанар Түгелбаева екі баласымен Астанада тұрады. Ол қызының тұрақты ем қабылдауына байланысты жұмысын тастауға мәжбүр болған. Отбасы мемлекеттік жәрдемақы, туыстарының көмегі және қайырымдылық қаражаты есебінен күн көріп отыр.
Мадина үйден білім алады. Анасының айтуынша, қыз бионикалық протезге мұқтаж. Оның құны шамамен 34 миллион теңгені құрайды.
Ал жол апатына кінәлі Нұрсұлтан Әшім өзіне жүктелген міндеттемелерді толық орындамағанын мойындады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта жұмыссыз болғандықтан өтемақы төлеуге мүмкіндігі жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз