Ермұрат Бәпи: Назарбаевтар әулетінің билікке қайта келуіне құқықтық негіз жоқ
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи экс-президентке қатысты конституциялық кепілдіктер қоғамда туғызған алаңдаушылыққа пікір білдірді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Депутат Конституция жобасындағы 48-бапқа байланысты әлеуметтік желілерде айтылып жүрген күдіктерге тоқталды. Аталған бапта Республика президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға арналған кепілдіктер қарастырылған. Ал оның 3-тармағында бұл нормалардың экс-президентке де қолданылатыны көрсетілген.
Осыған байланысты қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде бұрынғы президенттің отбасы мүшелері билікке қайта оралуы мүмкін деген пікірлер тараған.
Ермұрат Бәпидің айтуынша, мұндай алаңдаушылықтың ешқандай негізі жоқ.
«Әлеуметтік желілерде айтылып жүрген бұл пікірлерді қазақы долбарға құрылған әңгіме деп бағалаймын. Экс-президент түгілі, қазіргі президенттің де отбасы мүшелері мен жақын туыстарына мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынған», – деді депутат.
Оның сөзінше, бұл норма 2022 жылғы маусымда қабылданған конституциялық заңда нақты бекітілген. Сондықтан бұрынғы президенттің отбасы мүшелерінің билікке қайта келуі туралы айтылып жүрген күдіктердің құқықтық негізі жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Комментариев пока нет!
Станьте первым, кто оставит комментарий