Қазақстанда биыл 6 жаңа ақылы жол учаскесі іске қосылады
Биыл Қазақстанда ұзындығы шамамен 2 мың шақырым болатын 6 жаңа ақылы жол учаскесі пайдалануға беріледі. Бұл туралы үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша, елімізде ақылы автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істеп тұр.
2026 жылы іске қосу жоспарланған жаңа учаскелер:
– Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал (554,6 км);
– Бурылбайтал – Құрты (226,4 км);
– Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат (89 км);
– Талдықорған – Өскемен (773 км);
– Атырау – Астрахань (277 км);
– Мерке – Шу – Бурылбайтал (78 км).
Сонымен қатар басқарма төрағасы ақауы бар ақылы жол учаскелерінде жол жүру ақысын уақытша тоқтата тұру нормасы енгізілгенін атап өтті. Қазіргі таңда тіркелген ақаулардың жалпы көлемі 1 миллион 100 мың шаршы метрді құрайды. Жөндеу жұмыстары жол-құрылыс маусымы басталғанда жүргізіледі.
Бұдан бөлек, жол пайдаланушылардың өтініші негізінде ақылы жолдармен жүру үшін төлем жасау мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта тиісті түзетулер уәкілетті мемлекеттік органдарда келісу кезеңінен өтуде.
Комментариев пока нет!
Станьте первым, кто оставит комментарий