АҚШ пен Қытай TikTok-ты америкалық бақылауға беру туралы рамалық келісімге келді, деп хабарлайды ZontNews.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Қытай тарапы «Қытай мен АҚШ өзара қызығушылық тудыратын мәселелер, соның ішінде TikTok бойынша терең, ашық әрі сындарлы пікір алмасты» деп мәлімдеді.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, TikTok-ты жабу қаупі Қытайды әлеуметтік желіні сату кезінде тарифтік жеңілдіктер талап етуден бас тартуға мәжбүр еткен және рамалық келісімге қол жеткізуге жол ашқан.
Келісімнің коммерциялық шарттары әзірге жарияланған жоқ. TikTok-ты АҚШ-та 17 қыркүйектен бастап бұғаттау қаупі болған. ByteDance компаниясы қолданбаны сатуға келіспесе, желі жабылар еді.
Еске салсақ, өткен жылы Джо Байден TikTok-қа тыйым салатын заңға қол қойып, оны ұлттық қауіпсіздікке қатер деп атаған. Құжат 19 қаңтарда күшіне енді. 2025 жылдың 20 қаңтарында Ақ үйге қайта оралған Дональд Трамп бұғаттауды кейінге шегеріп, кейін бірнеше рет ұзартқан.