Қаржылық пирамидаға қатысты Дубайда орын алған халықаралық резонанс тудырған қылмыстық іске байланысты іздеуде болған Қазақстан азаматы Жанболат Серіков Әзірбайжан аумағында ұсталып, Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) экстрадицияланды, деп жазады ZontNews.kz.
БАӘ құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2025 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Дубайда Finiko қаржы пирамидасының негізін қалаушы Эдвард Сабировқа шабуыл жасалған. Осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бірнеше адамға халықаралық іздеу жарияланған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, шабуылға Анорбек Түмибаев пен Есболат Кенжеғазы тікелей қатысқан. Олар кейін Ресейге қашып кеткен, бірақ көп ұзамай ұсталып, жергілікті билікке тапсырылған.
Іс материалдарында шабуылды ұйымдастырушы ретінде Жанболат Серіковтің есімі аталады. БАҚ мәліметі бойынша, ол БАӘ-ден кетіп, Әзірбайжанда жасырынған. Алайда жергілікті арнайы қызмет оны анықтап, тұтқындаған. Сот шешімімен Серіков БАӘ-ге экстрадицияланды.
Әзірбайжанның ресми ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оған бірқатар ауыр баптар бойынша айып тағылған:
«1985 жылы туған Қазақстан азаматы Жанболат Серіковке БАӘ билігінің сұранысы негізінде адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, өліммен қорқыту, ауыр дене жарақатын келтіру және жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша халықаралық іздеу жарияланған».
Жанболат Серіков атышулы Арман Жұмагелдиевпен (Дикий Арман) тығыз байланыста болған. Екеуінің бірге түскен суреттері әлеуметтік желілерде таралған. Кейбір болжамдар бойынша, Сабировқа жасалған шабуыл Арман Жұмагелдиевтің тікелей тапсырысы болуы мүмкін.
Finiko-ның негізін қалаушы Эдвард Сабиров қазіргі уақытта да Қазақстан билігінен жасырынуда, ол БАӘ-де болуы мүмкін.
Бейресми деректерге сәйкес, Жанболат Серіков бұрынғы премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық банк төрағасы болған Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы болуы мүмкін.