12 тамызда су астындағы іздеу жұмыстары барысында EC-145 тікұшағы апатынан қаза тапқан үшінші экипаж мүшесінің денесі табылды, деп жазады ZontNews.kz.
Іздеу апат орнына жақын маңда, сүңгуірлер мен арнайы бөлімшелердің қатысуымен жүргізілді.
10 тамызда құтқарушылар экипаж командирі, майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесін тауып, оның тұлғасын растады. Ол армия авиациясы эскадрильясының командирінің орынбасары, бірінші санатты ұшқыш, 930 сағат ұшу тәжірибесіне ие, жауапкершілігі мол әрі кәсіби офицер болған.
11 тамызда борттық техниктің денесі табылды. Капитан Бахтияр Сәниоллаұлы Ержігітов — бірінші санатты маман, 300 сағат ұшу тәжірибесі бар, авиациялық бөлімдерде ұзақ жыл қызмет еткен.
12 тамызда іздеу тобы көмекші ұшқыш, капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесін тапты. Ол 295 сағат ұшу тәжірибесі бар, күрделі ауа райы жағдайларында және әртүрлі оқу-жаттығуларда бірнеше рет ұшқан тәжірибелі маман.
Үш әскери қызметкер де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі болып, әріптестері мен командирлері арасында беделге ие болған.
Апат орнында іздеу-құтқару және тергеу жұмыстары жалғасуда. Мамандар су айдынын және маңайын тексеріп, әуе кемесінің бөлшектерін судан шығаруда. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтып, барлық қажетті қолдауды көрсететінін хабарлады.
EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде Алматы облысында радардан жоғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, тікұшақта үш экипаж мүшесі болған. Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Қосанов із-түзсіз жоғалған экипаж мүшелерінің туыстарымен кездесіп, оларға қолдау білдірді.