Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігі «СК-Фармация» компаниясына және фармацевтика саласындағы өзге де ұйымдарға қатысты алдын ала тергеу амалдарын бастады, деп жазады ZontNews.kz.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектың айтуынша, тергеу Жоғарғы аудиторлық палатаның анықтаған заңбұзушылықтары негізінде басталған.
«Мұрат Әбенов екеуміз Бас прокуратураға бірлесіп жолдаған өтініштен кейін, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып прокурорлар «СК-Фармация» мен саланың басқа да субъектілеріне қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша тергеуге кірісті», — деп жазды Базарбек.
- 166,4 миллион теңгеге дәрі-дәрмектер бойынша жалған клиникалық зерттеулер жүргізілгені анықталған;
- 36,7 миллион теңге көлеміндегі қаржы жеткізілмеген жабдық үшін негізсіз игерілген;
- Біріңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» тарапынан дәрілік заттарды сатып алу кезінде мемлекетке 35,8 миллиард теңге көлемінде залал келтірілгені күдікке ілінді;
- «КазМедПром» компаниясы медициналық қолғаптарды нарық бағасынан бірнеше есе қымбатқа сатып, 5,3 миллиард теңге бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған.
Бас прокуратура бұл деректерді Ақпаратты есепке алу кітабына тіркеп, процестік шешім қабылдау үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне жолдаған.
Сонымен қатар, Алматы қаласының прокуратурасына жалған зерттеулер мен негізсіз игерілген 200 миллион теңгеден астам қаржыға байланысты «СК-Фармация» қызметіне тексеру жүргізу тапсырылды.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығына да қосымша тексерулер жүргізуді қолға алған.