Бас прокуратура мәліметінше, заңсыз мұнай айналымына қатысы бар күдікті Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бас прокуратура мен Қаржы мониторинг агенттігінің қызметкерлері оны қылмыстық жауапқа тарту үшін елге жеткізді.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2022–2023 жылдары коммерциялық ұйымның бас директоры болған кезде алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге аса ірі көлемде мұнайды заңсыз өткізген. Заңсыз айналым көлемі 300 млн теңгеден асқан. Қылмыс Ақтөбе облысында жасалған.
Қылмыстан кейін күдікті жасырынған. Ол 2024 жылы Дубайда анықталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Бұл іске қатысты тағы бір адам 2024 жылы сотталып, бас бостандығынан айырылған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

