Қазақстанда «Всеобуч» қоры арқылы ата-аналар мен қамқоршылардың есептік шотына мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарын алуға шамамен 20 млрд теңге аударылды, деп жазады ZontNews.kz.
Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, бұл қаражат 430 мыңнан астам балаға жетті, бұл барлық алушылардың 87 пайызы.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы қолдау 500 мыңнан астам баланы қамтиды. Олардың арасында жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, сондай-ақ қиын жағдайға тап болғандар бар.
Астана мен Шымкент қалаларында қаржы толық аударылды – қаражат барлық отбасыларға жетті.
«Өңірлер қаржыны ата-аналардың есептік шотына белсенді аударып жатыр. Қаражат алғандар сатып алынған тауарларға қатысты құжаттарды тапсыруы тиіс. Өтініш беру жеткілікті», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Насымжан Оспанова.
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 2025 жылы 23,1 млрд теңгеге жетеді. Төлем мөлшері өңірлік мәслихат шешімімен бекітіледі, бірақ 46 228 теңгеден төмен болмауы тиіс.
Өткен жылдармен салыстырғанда, 2023 жылдан бері көмек көлемі 2,5 есеге өсті – 17 мың теңгеден 46 мың теңгеге дейін.