2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен депутат қамауға алынды

Фото: ҚМА

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 2 млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деген күдікпен мәслихат депутаты мен компания басшылары ұсталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «QazConstructions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, екі өңірдің жеті ауданында салынуы тиіс 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалған.

Күдіктілердің қатарында компанияның бұрынғы директорының орынбасары мен Күршім аудандық мәслихатының депутаты бар.

Жымқырылған қаржының салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жеті ауылдағы ауыз су желісі пайдалануға берілмеген. Бұл жобалар 20 мыңнан астам тұрғынның өмір сапасын жақсартуға бағытталған еді.

Тергеушілердің дерегінше, күдіктілер қаражатты өзара байланысы бар кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

Қаржылық мониторинг агенттігі «Күдіктілердің қылмыстық жолмен тапқан табысына Астанадағы элиталы тұрғын үйлердегі пәтерлер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes автокөліктері және асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды» деп хабарлады.

Екі күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, олар екі айға қамауға алынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *