«10-12 жасар қыздар туып жатыр»: 15 жастағы қызды «шариғат бойынша» тұрмысқа бергендер жазасыз қалмақ

Фото: Pixabay

Қарағанды облысында 15 жастағы қыздың әкесі Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне шағымданды. Ол қызының туған анасы мен өгей әкесін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде, деп хабарлайды ZontNews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Әкесінің айтуынша, олар кәмелетке толмаған қызын «шариғат бойынша» 38 жастағы ер адамға ұзатқан.

Қазіргі таңда айыпталушылар орындығында тек мектеп оқушысының «күйеуі» отыр. Ол «зорлау» бабымен сотқа тартылуда. Ал қыздың әкесі анасымен өгей әкесінің жазасыз қалғанына наразы. Оның сөзінше, прокуратура мен полицияға бірнеше рет шағымданғанымен, нәтиже болмаған.

«Арызды қайтарып ал»

Әкесінің айтуынша, қызы бірнеше күн бойы зорлық-зомбылық көріп, қамалып отырған. Кейін қашып шығып, әкесінен көмек сұраған. Қыз хиджабын шешіп, әкесімен бірге полицияға барғанымен, арызды бастапқыда қабылдамаған. Кейін анасы мен өгей әкесі жасөспірімді шағымынан бас тартуға көндірген.

Олардың теріс діни көзқараста екенін айтқан әке куәгер ретінде ғана қатысып отырғанына қарсылық білдірді.

Ер адам редакцияға анасы мен өгей әкесінің қызын «жеңіл жүрісті» деп айыптап отырған бейнежазбасын көрсетті. Онда әйел:

«Оны ешкім зорлаған жоқ. Өзі кім көрінгенмен жатып жүрді, шашын жайып жүретін», – дейді.

Нағашы әжесі де оларға қосылып, қыздың әкесін арызынан бас тартуға үгіттеген:

«Бұл жігіт жаман емес, ұрмайды, ренжітпейді. Мұның бәрі алдын ала келісілген. Қызыңның болашағын ойла. Қазір 11–12 жастағы қыздар да босанып жатыр. Арызды қайтарып ал. Бәрі біліп қойды, полиция да, ел де. Ұят емес пе? Кейін өкінесің», – деген.

«Біз заңмен өмір сүруіміз керек»

Әкесінің айтуынша, ол шілде айында облыстық прокуратураға қызының анасы мен өгей әкесін жауапқа тартуды сұрап жүгінген. Бірақ олар әлі күнге дейін куәгер мәртебесінде ғана отыр. Керісінше, кінәні қыздың өзіне артып қойған.

«Әжесі мен анасы оған жала жапты. Қызымды психологиялық тұрғыдан сындырып тастады. Енді ол шатасып, солардың сөзін сөйлеп жүр. Мен олардың жауапқа тартылғанын қалаймын. Бұл әділетсіз. Бас прокурорға хат жаздым, Ішкі істер министрлігіне де арыздандым. Бұл істі тоқтатпаймын. Қажет болса, президентке де жүгінемін. Қазақстанда мұндайға жол берілмейтінін дәлелдегім келеді. Біз тек Республика заңымен өмір сүруіміз керек, шариғатпен емес», – деді ол.

Қыз қазір әкесінің жанында емес, ағасының қолында тұрып жатыр. Хиджаб кимейді. Оның сіңлісі де шешесінен кетіп, әкесіне келген.

«Қызым анасына барғысы келмейді. «Өскенде сен де кезекке тұрасың» деп айтқан соң қорқып қалған. Мен тыйым салмаймын, қаласа кездеседі. Бірақ өзі бармаймын деді», – дейді әкесі.

Жақында кенже ұлы да шешесінің үйінен кетіп, әкесіне көшкен. Әйелдің жаңа отбасында екі баласы бар, қазір үшіншісіне жүкті екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *