Алматыдағы Алмалы аудандық соты Қытайдан заңсыз тауар тасымалы және жалған шот-фактуралар жазу ісі бойынша үкім шығарды. Қылмыстық іс Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаеваға қатысы бар «Group of the Companies TDA» компаниясына қатысты қозғалған, деп жазады ZontNews.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл компания уәкілетті экономикалық оператор ретінде тіркелгеніне қарамастан, кедендік рәсімдеуден тыс 100-ден астам контейнерді Қазақстан аумағына кіргізген. Контейнерлерде халық тұтынатын тауарлар болған. Схемаға компанияға бағынысты он шақты заңды тұлға тартылып, солардың атынан жалған шот-фактуралар рәсімделген.
«Нәтижесінде мемлекетке төленбеген қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы мен кедендік төлемдер бойынша жалпы шығын көлемі 10 миллиард теңгені құрады», – деп хабарлады агенттік.
Тергеу кезінде залалдың бір бөлігі өтелген: 643 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар сот айыпталушылардың мүлкіне тыйым салды. Атап айтқанда, 1,3 миллиард теңгенің тауары, сондай-ақ 300 миллион теңгеге бағаланған жер телімдері, автокөліктер мен өзге де жылжымайтын мүлік тәркіленді.
Қаржы мониторингі агенттігі 47 компания жалған есеп айырысудан бас тартып, ерікті түрде 240 миллион теңге көлемінде салық төлегенін мәлімдеді.
Сот үкімімен айыпталушылар 1,4 жылдан 4,6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Қылмыстық іске қатысы бар бір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.
Ашық мәліметтерге қарағанда, «Group of the Companies TDA» ЖШС Әнипа Назарбаева мен оның серіктесі Әли Клышпаевқа тиесілі болған.Компания бірнеше рет атауын, құрылтайшыларын және мекенжайын өзгерткен. 2018 жылдан бастап Назарбаева мен Қылышпаев компанияны тікелей басқарған.
Сондай-ақ ашық деректерде бұл екі адамның сауда және логистика саласында басқа да бірлескен компаниялары болғаны көрсетілген. Әнипа Назарбаева қоғамдық өмірден тыс жүретін тұлға ретінде белгілі. Оның Шамалғандағы үйі Назарбаевтар әулетінің отбасылық резиденциясына қарсы орналасқан.