Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты, деп жазады ZontNews.kz.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Ділманов орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеген. Қазақстан заңнамасына сәйкес, тергеу изоляторында өткізген әр күні бір жарым күн ретінде есептелген.
2023 жылдың желтоқсанында Алматы гарнизонының әскери соты оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған. Ол қызмет бабын теріс пайдалану және аса ірі көлемде пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылған.
Сот шешімінде Ділманов Қытайдан жүк тасымалын шекарадан кезексіз өткізу үшін заңсыз жолмен құрылған тетікке қатысқан деп көрсетілген. Тергеу дерегі бойынша, бұл тетік арқылы 1750 мәрте жүк тасымалданып, мемлекетке елеулі зиян келген.
Ісін мойындаған экс-генерал жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Ол 2022 жылдың 22 маусымында ұсталған болатын.
Сот үкімімен Дархан Ділманов «генерал-лейтенант» әскери шенінен, II дәрежелі «Айбын» орденінен және «ҰҚК ардагері» атағынан айырылды. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.