24 тамыз кешінде Қызылжар мен Түйемойнақ арасындағы учаскеде төтенше жағдай болды, деп жазады ZontNews.kz.
Жезқазғаннан Астанаға бағыт алған жолаушылар пойызы жүк вагонымен соқтығысып қалмау үшін шұғыл тоқтатылды.
Машинист жедел тежеу қолданғанымен, соққының әсерін толықтай болдырмау мүмкін болмады.
«24 тамызда сағат 21:38-де Жезқазған – Астана бағытымен жүрген №107 жолаушылар пойызының машинисті сағатына 12 шақырым жылдамдықпен келе жатып, 300 метр қашықтықта тұрған жүк вагонын байқап, шұғыл тежеу жасады», – деп хабарлады КТЖ баспасөз қызметі.
Қаза тапқандар жоқ, бірақ бірнеше жолаушы жеңіл жарақаттанды. Локомотив пен теміржол инфрақұрылымына зақым келмеген.
Пойыз сағат 23:14-те қозғалысын жалғастырды. Оқиғаның себебі арнайы комиссия тарапынан анықталып жатыр.