Құлыбаевқа қастандық жасады деп айыпталған Головкиннің бапкері түрмеден шықты

Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстандағы белгілі бапкерлердің бірі болған Серік Қалиев 22 жыл түрмеде отырғаннан кейін еркіндікке шықты, , деп жазады ZontNews.kz.

Ол 2004 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Асқар Құлыбаевқа қастандық жасады деген айыппен сотталған. Алайда Қалиев тағылған айыптарды мойындамайды.

6 тамыз күні ол Заречныйдағы қатаң режимдегі колониядан босатылды. Оны түрме алдында туыстары күтіп алып, Алматыға алып кеткен. Адвокат Айман Омарованың айтуынша, Қалиев өзін «тозақтан қайтып келгендей» сезінген.

«Серік 22 жыл абақтыда отырды. Осы уақыт ішінде ұлының, немерелерінің өсуін көре алмады. Түрмеде ол адам төзгісіз азапты бастан өткерді. Гепатит С жұқтырып, түрлі созылмалы ауруларға шалдықты. Сол себепті кейбіреулер оны әдейі ұзақ уақыт бойы босатпауға тырысты», — деді Омарова.

Серік Қалиев — Қазақстан әуесқой бокс федерациясының бұрынғы вице-президенті әрі беделді мүшесі. Ол республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырған, қайырымдылық шараларына қатысқан. Оның шәкірттері қатарында Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Василий Жиров, Серік Елеуов және Павел Сторожук бар.

2004 жылдың мамырында Алматыда болған жарылыстан кейін жағдай күрт өзгерген. Полиция Серік Қалиевті федерация президенті Асқар Құлыбаевқа қастандық жасады деген күдікпен ұстаған. Жарылыс Silk Way group кеңсесінің алдында орын алған. Тергеу мәліметінше, жарылғыш зат бейнекассета кейпінде жасырылып, 30 жастағы Ақмола тұрғыны Михаил Нартов арқылы жеткізілген. Ол оқиға орнында көз жұмды.

Тергеу деректеріне сәйкес, Нартов қайтыс болар алдында тапсырыс беруші мен делдал ретінде екі адамның атын атаған — Серік Қалиев пен оның жүргізушісі Андрей Песков.

2004 жылдың 21 мамырында Қалиев пен Песковқа Құлыбаевқа қастандық, Нартовты өлтіру, қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтау және бопсалау баптары бойынша айып тағылды. 2005 жылдың 23 мамырында Алматы қалалық соты оларды кінәлі деп танып, әрқайсысын 25 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін апелляция нәтижесінде бұл мерзім 22 жылға қысқартылды. Қалиев өзіне тағылған айыптарды бүгінге дейін жоққа шығарады.

Ол жазасын Атбасар мен Степногор қалаларындағы түзету мекемелерінде өтеген. Соңғы жылдары жақындарының өтінішімен Алматы облысындағы мекемеге ауыстырылған.

Айман Омарованың мәліметінше, Қалиев түрмеде азапталған. Оның мерзімінен бұрын босатылу туралы өтініштері бірнеше рет қабылданбаған.

«Серік он рет шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрады. Бірақ соттар әр жолы оның түзелгеніне дәлел жеткіліксіз деп тапты», — деді адвокат.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *