Қырғызстанда парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Қырғызстанда парламент сайлауы 30 қарашаға белгіленді. Бұл шешім Жогорку Кенештің өзін-өзі таратуынан кейін қабылданды. Президент Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Өткен аптада депутаттар көпшілік дауыспен VII шақырылымды тарату туралы шешім қабылдады. Бұл ел тарихында алғаш рет болып отыр. Депутаттардың айтуынша, кезекті сайлау 2026 жылдың қарашасында өтуі керек еді, ал одан бір жарым ай өткен соң президент сайлауы жоспарланған.

Олардың сөзінше, екі науқанды қатар өткізу бюджетке де, Орталық сайлау комиссиясына да ауыр салмақ түсірмек. Депутат Улан Примовтың пікірінше, 2025 жылғы сайлау саяси тәуекелдерді азайтып, билік тармақтарының жұмысын тұрақтандыруға жол ашады. Шешімді қолдап 89 депутаттың 84-і дауыс берді, қарсы шыққан ешкім болмады.

Парламентті тарату жөніндегі пікірталастар 2023 жылдан бері жүріп келген. Сарапшылар бұл қадамды сайлау заңнамасындағы реформамен және саяси жүйені жаңа ережелерге сәйкестендіру әрекетімен байланыстырады. Жаңа талаптарға сәйкес, парламент бұрынғыдай 90 депутаттан тұрады. Ел аумағы 30 көпмандатты округке бөлінген, әрбір округтен кемінде бір әйел сайлануы тиіс. Бұдан былай сайлауға партиялармен бірге, өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатыса алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *