Степногорск қалалық соты Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың рақымшылыққа ілігу жөніндегі өтінішін қарап, оны қанағаттандырды, деп жазады ZontNews.kz.
Сот отырысында жазасын өтеп жатқан мекеме өкілі Байжановтың тәртібі үлгілі екенін айтып, екі мәрте марапатталғанын және оң сипаттама берілгенін атап өтті. Ол жазаны қысқарту туралы өтінішті қолдады.
Байжанов өзі де сөз алып, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық заңы бойынша жазасының үштен бірін қысқартуды сұрады. Сонымен қатар, ол БАҚ өкілдерінің сотқа қатысуына қарсылық білдірді. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмай, процестің ашық екенін еске салды.
«Құрметті сот, мені Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заңға сәйкес жазамның үштен бірінен босатуыңызды сұраймын», – деді Байжанов.
Прокурордың мәліметінше, сотталушы 1 жыл 11 ай жазасын өтеген, ал қалған мерзімі – 2 жыл 24 күн.
Судья Бауржан Ақыжанов шешім шығарып, рақымшылық заңының кері күшіне ие екенін және Байжановқа қолданылатынын атап өтті.
«Сот Байжановқа қатысты жазаны қысқарту туралы өтінішті қанағаттандыруды ұйғарды. ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заңға сәйкес, оның өтелмеген мерзімінің үштен бірі – 8 ай 8 күн қысқартылады. Осылайша, түпкілікті жаза мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді», – деді судья.
2024 жылдың маусымында сот Байжановты ауыр қылмысты жасыру бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған. Рақымшылық заңы осы санаттағы қылмыстар бойынша жаза мерзімін үштен бірге қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін ол кассациялық шағым түсіргенімен, кейін оны кері қайтарып алған. Адвокаты бұл шешімнің себебін түсіндірмеді, бірақ Байжановтың бұл шағымды кез келген уақытта қайтадан бере алатынын еске салды.
Айта кетейік, 23 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заңға қол қойған болатын. Бұл заң 15 мыңнан астам адамға қатысты қолданылады. 2 мыңға жуық сотталушы бостандыққа шықса, қалғандарының жазасы қысқартылады. Амнистияға қатысты материалдар соттарға 2025 жылдың соңына дейін келіп түседі.