Ақтөбе облысының Шалқар аудандық сотында жемқорлық ісі қаралуда. Сотта Шалқар ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова аудан әкімі Жанболат Жидехановтың атын бірнеше рет атады, деп хабарлайды ZontNews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Сәдуақасова Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша бірнеше рет пара алу айыбымен сотқа тартылған. Ол кінәсін ішінара мойындап, өкінетінін айтты.
«Ақша түскенін мойындаймын, бірақ асыра пайдалану болған жоқ. Қорқытты дегенге келіспеймін. Ақша игерілмесе, сөгіс аламын, ол маған қажет емес. Жидеханов хабарласып: «Қорықпа, ештеңе айтпа, артыңнан адам ертпе. Өзім алып шығамын» деді. Кейін Антикорға арыз жазып, бұл ақшаның Жидехановтың тапсырмасы екенін көрсеттім», – деді ол сотта.
Сәдуақасова мердігерлермен тікелей Жидехановтың өзі келісім жасағанын, ал ақшаны оның сұрауымен бергенін айтты.
Оның сөзінше, 2024 жылдың қазанында Жидеханов кабинетінде «Ақша түсуі керек. Маған шұғыл әкел» деп талап еткен. Содан кейін ол өз қаражатынан 700 мың теңге апарып берген. Кейін әкім сенімді адамдардан қаржы жинауды сұраған. Сәдуақасова Ақтөбеде тұратын құрбысының нөмірін берген. Сол арқылы түрлі адамдардан 5 млн теңге түскен. Бұл қаржының Жидеханов сұраған 15 млн теңгенің бір бөлігі екенін кейін білген.
«Желтоқсан басында тағы 2 млн 350 мың теңге түсті. Әкімге баяндадым. Қаңтардың басында 5 млн 700 мың теңге түскенін құрбым айтты. Ақпанда демалысқа шығып, Айгүлден 12,5 млн теңгені алдым. 7,5 млн теңгені әкімге апардым. 11 ақпанда Антикор қызметкерлері көшеден ұстап әкетті. Сотта ғана бәрін түсіндім», – деді Сәдуақасова.
Сотта Сәдуақасова мен Жидеханов арасындағы аудиожазбаның стенограммасы оқылды. Тергеу кезінде әкімдік кеңселеріне жасырын бейнебақылау орнатылғаны белгілі болды.
Бұған дейін осы іс бойынша әкімдіктің екі қызметкері сотталған. Қорғаушы тарап Жанболат Жидехановтан сот залында жауап алу қажеттігін бірнеше рет көтерді.