Қарағанды облысында құқық қорғау органдары теміржолдан дизель отынын ұрлаудың ірі схемасын тоқтатты. 17 адам ұсталып, қару-жарақ, оқ-дәрі және есірткі заттары тәркіленді, деп жазады ZontNews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, топ Бухар-Жырау ауданының Ащысу станциясы маңында әрекет еткен. Жедел-іздестіру барысында 28 ұрлық дерегі тіркелген.
Арнайы операцияны ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы Қарағанды облысы бойынша ҰҚК департаментімен және Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімшесімен бірлесіп, Қарағанды көлік прокуратурасының қолдауымен жүргізді.
«Заңсыз әрекетке қатысы бар 17 адам ұсталды. 14 тінту жүргізіліп, шамамен жарты тонна дизель отыны, бос канистрлер, 2017 жылы РФ ІІМ-де жоғалған тіркелмеген атыс қаруы, 26 оқ-дәрі, жеті ұялы телефон және есірткі заттары тәркіленді», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында KТЖ қызметкерлерінің 36 миллион теңгенің дизель отынын ұрлағаны анықталған. Жетісуда тепловоз машинистері бірнеше жыл бойы дизельді заңсыз сатып, компанияға 16 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Қарағандыда депоның 11 қызметкері 22,5 тоннадан астам жанармайды жымқырғаны үшін 7 миллион теңгеден аса сомада сотталған.