Қарағанды облысында синтетикалық есірткі шығаратын жасырын зертхана табылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Арнайы операция 5 қарашада Сортировка кентінде жүргізілді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп 28 және 30 жастағы екі адамды ұстаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, олар жалға алған үйде куратордың нұсқауымен және криптовалюта арқылы есеп алып, «альфа-PVP» деп аталатын синтетикалық есірткіні дайындап келген.
Басқарма басшысы Ғалымжан Бекболатовтың айтуынша, «есірткі таратумен айналысатын жаңа қатысушыларды, соның ішінде қарапайым азаматтарды курьер немесе жасырғыш ретінде тарту әрекетінің жолы кесілді».
Тінту барысында полицейлер бір тоннадан астам есірткі дайындауға арналған шикізат пен 52 келіден аса дайын өнім тапқан. Бұл шамамен 173 мың доза жасауға жетеді. Сондай-ақ өндірістік құрал-жабдықтар — таразы, миксер, кептіргіш және вакуумдағыш тәркіленді.
Қазіргі уақытта ұсталған екі күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар уақытша ұстау изоляторында қамауда. Тергеу жалғасып жатыр.

