«Қайрат» Чемпиондар лигасында алғашқы ұпайын алды

Фото: "Қайрат" ФК

Алматының «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. 21 қазанда команда өз алаңында Кипрдің «Пафос» клубын қабылдап, матч 0:0 есебімен аяқталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Ойын алдында жанкүйерлер марқұм Диас Төлеуді еске алып, «Мәңгі біздің жүрегімізде» деген баннер көтерді.

Бастапқы минуттардан-ақ тартыс жоғары болды. 4-минутта «Пафос» ойыншысы Жоау Коррея қызыл қағаз алып, қонақтар бір ойыншымен қалды. «Қайрат» бірнеше мүмкіндікті пайдаланғанымен, есеп ашылмады.

Қақпашы Темірлан Анарбеков бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, матчтың шешуші сәттерінде командасын құтқарып қалды. 72-минутта кипрліктердің соққысы қақпаға тигенмен, офсайд тіркеліп, гол есептелмеді.

Ойын соңында екі команда бір ұпайдан еншіледі. Матчтың үздік ойыншысы Давид Луис атанды.

«Барлық жанкүйерлерді алғашқы ұпаймен құттықтаймын. Бұл нәтиже біз үшін жеткіліксіз, бірақ ойыншылар күресті» — деді «Қайрат» бапкері Рафаэль Уразбахтин.

«Біз он ойыншымен ойнасақ та, берілмедік. Екі қақпашы да тамаша ойнады» — деп бағалады «Пафос» жаттықтырушысы Хуан Карлос Каседо.

«Қайраттың» келесі кездесуі 26 қазанда «Астанаға» қарсы өтеді. Ал Чемпиондар лигасы аясында алматылықтар 6 қарашада Миланда «Интермен» ойнайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *