Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты тергеу бастады, деп жазады ZontNews.kz.
Агенттік интернет тарифтерінің жоғары болуын зерттеп, байланыс операторларының тариф динамикасын талдаған.
«Қазақтелеком» АҚ қызметінде тарифтерді монополиялық түрде көтеру белгілері байқалады. 2024 жылы 100 Мбит/с, 200 Мбит/с және 500 Мбит/с жылдамдықтағы интернет тарифтері бойынша бағаның өсу қарқыны 20%-ға жеткен», – деді агенттік өкілдері.
Сондай-ақ, БҚДА ұялы байланыс қызметтерінің тарифтерін талдап, мұнда да бағаның монополиялық түрде жоғары екені анықталған. «Қазіргі таңда ұялы байланыс операторына қатысты бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу фактілері бойынша тергеу тағайындау мәселесі қаралуда», – деп толықтырды агенттік.
Еске салайық, биыл жаздың басында қазақстандықтар ұялы байланыс тарифтерінің өсуіне шағымданған. Көптеген абоненттер баға көтерілгенімен, байланыс сапасы өзгермегеніне наразы.