Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 2026 жылға дейінгі су-энергетикалық тепе-теңдікті реттейтін келісімге қол қойды, деп жазады ZontNews.kz.
Құжатқа 7 қыркүйекте Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында қол қойылды.
Келісімге сәйкес, Қырғызстан Токтогұл су қоймасынан су жіберіп отырады, ал Қазақстан мен Өзбекстан Қырғыз Республикасына электр энергиясын жеткізеді. Бұл шара су қоймасындағы деңгейдің сақталуын қамтамасыз етіп, Қазақстанның оңтүстігін алдағы егіс маусымында суармалы сумен қамтуға бағытталған.
Тараптар сондай-ақ Ресейден Қырғызстанға жеткізілетін электр энергиясының Қазақстан аумағы арқылы транзитін де келісті.
Қосымша хаттамаға сәйкес, 2026 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін Өзбекстан Қазақстанға шамамен 900 млн кВт/сағ электр энергиясын береді. Бұл көлем оңтүстік өңірдегі станцияларда жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде тапшылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі Ерлан Әккенженов қол жеткізілген уағдаластықтың нақты мерзімдер мен сандарды қамтитынын атап өтті.
«Су-энергетика саласы аса жоғары дәлдікті және белгіленген кестелердің қатаң орындалуын талап етеді. Қазақстан өз міндеттемелерін орындауда және серіктестерінен де сондай жауапкершілік күтеді. Бұл – аймақтағы тұрақтылықтың негізі», – деді министр.
Министрлік өкілдері келісімнің алдағы күз-қыс маусымында тәуекелдерді азайтып, келесі егіс кезеңіне су жинауға жағдай жасайтынын айтты.