«ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы 2025 жылдың үшінші тоқсанында уран экспортын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға ұлғайтты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Компанияның қаржылық есебінде аталған кезеңде уран сатылымы үштен біріне өскені, ал өндіріс көлемі 10 пайызға артқаны көрсетілген.
Жылдың алғашқы үш тоқсанындағы деректер де өсімнің сақталғанын айғақтайды: экспорт 10 пайызға, ал өндіру көлемі 12 пайызға көбейген. Бұл кезде әлемдік нарықта уран бағасы төмендеген.
Есепте «есептік кезеңде уранның спот бағасы 18 пайызға төмендегенімен, бұл топтың орташа сату бағасына елеулі әсер еткен жоқ (–6%)» делінген. Компанияның сату портфелі ұзақмерзімді келісімшарттарға негізделген және нарықтағы ағымдағы бағалармен байланыстырылған.
Жаңартылған болжамға сәйкес, 2025 жылы «ҚазАтомӨнеркәсіптің» жиынтық табысы 1,75–1,85 трлн теңге аралығында болады.
Бұған дейін компанияның басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа уранға деген әлемдік сұраныстың арта түсетінін баяндаған. Оның айтуынша, технологияның жедел дамуы мен атом энергетикасына қызығушылықтың өсуі 2030 жылдары жаһандық нарықта уран тапшылығын туындатуы мүмкін.

