Қазақстанның жолаушылар пойыздарында тегін тасымалдауға болатын қол жүгінің жаңа нормалары бекітілді, деп хабарлады ZontNews.kz «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жолаушылар қол жүгінің салмағы мен көлемін сақтауы тиіс. Белгіленген шектен асқан жағдайда «Пассажир тасымалы» АҚ багаж бөлімінің қызметін пайдалануды ұсынады.
«Уәкілетті органның бұйрығына сәйкес, жолаушылар пойыздарында тегін қол жүгін тасымалдаудың нормалары белгіленді. Мысалы, “Тулпар-Тальго” вагондарында салмағы 25 келіден, ал үш өлшемнің қосындысы 150 сантиметрден аспауы керек. Басқа вагондарда – 35 келіге дейін және үш өлшемнің қосындысы 200 сантиметрден аспауы тиіс», – деп хабарлады ұлттық компания.
Сонымен қатар жолаушылар жиналмалы әрі қапталған күйде балалар арбасын, моторсыз велосипедті немесе байдарканы алып жүре алады. Олар қол жүгін қоюға арналған орынға сыйса жеткілікті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке пайдалануға арналған техникалық және арнайы қозғалыс құралдарын тегін алып жүруге рұқсат берілген.
Қол жүгін орындықтарға, өткелдерге, дәліздер мен тамбурларға қоюға қатаң тыйым салынады. Белгіленген параметрден асқан жағдайда артық жүк пен багажды вокзалдың багаж бөлімінде рәсімдеу қажет.
Бұл қызмет мына бағыттарда қолжетімді: №33/34 Ақтөбе – Алматы, №41/42 Алматы – Атырау, №77/78 Алматы – Маңғышлақ, №691/692 Ақтөбе – Атырау, №9/10 Алматы – Астана. Баға жол қашықтығына байланысты есептеледі.
Мысалы, 1 келіге тариф мынадай:
- Алматы – Маңғыстау: багаж – 57 теңге, жүкбагаж – 114 теңге;
- Алматы – Астана: багаж – 39 теңге, жүкбагаж – 94 теңге;
- Шымкент – Алматы: багаж – 27 теңге, жүкбагаж – 57 теңге.
Компания өкілдері пойыз жолсеріктері арқылы жүк тасымалдау заңсыз екенін және ол әкімшілік жауапкершілікке, тіпті жұмыстан шығаруға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Толық ақпарат 1433 қысқа нөмірі арқылы немесе bilet.railways.kz сайтындағы «Жолаушыларға» бөлімінен алуға болады.