Алдағы жылдары Қазақстан мен Ресей шекарасындағы 30 автокөлік өткізу пункті жаңғыртылады. Оның ішінде 10 нысан басым бағыт ретінде белгіленген, деп хабарлайды ZontNews.kz ФГКУ «Росгранстрой» дерегіне сүйеніп.
Қайта құру жұмыстары екі елдің бақылауымен жүргізіледі. Қазірдің өзінде «Бугристое» және «Озинки» бекеттерінде құрылыс басталған. Бірінші кезең аясында «Сагарчин», «Маштаково», «Илек», «Караузек», «Орск», «Павловка», «Петухово» және «Ольховка» өткізу пункттері де жаңартылады.
Барлық бекеттер заманауи сканерлеу жүйелерімен жабдықталады. Бұл көліктерді қозғалысын тоқтатпай тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты қысқарып, қауіпсіздік деңгейі артады.
Жаңғыртудан кейін өткізу қабілеті екі есе өсіп, жылына 8,3 миллион көлікке дейін жетеді. Мәселен, «Илек» арқылы тәулігіне 1 461 көлік, ал «Маштаково» арқылы 4 659 көлік өте алады.
Қазақстан өз аумағындағы жаңарту жұмыстарын да бастап кетті. «Сырым» өткізу пункті 2025 жылғы 4 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жеңіл және қоғамдық көліктер үшін жабылады.
Бұл кезеңде жүк көліктері электронды кезек жүйесі арқылы өтеді. Тәулігіне 250 көлікке дейін шектеу қойылады. Жүргізушілерге бағытты алдын ала жоспарлап, көлік қозғалысының артуын ескеру ұсынылады.
Балама бағыт ретінде мына өткізу бекеттері қарастырылған:
- «Шаған» (ҚР) / «Теплое» (РФ) — Қазақстан және Ресей азаматтарына арналған;
- «Ақсай» (ҚР) / «Илек» (РФ) — халықаралық бағыт;
- «Тасқала» (ҚР) / «Озинки» (РФ) — халықаралық бағыт.
«Модернизацияның басты мақсаты — шекара инфрақұрылымын қауіпсіз, жылдам және технологиялық тұрғыда тиімді ету. Бұл соңғы жылдардағы ең ірі бірлескен жоба», — деп мәлімдеді Росгранстрой өкілдері.