2025 жылғы жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект элементтері біртіндеп енгізіледі, деп жазады ZontNews.kz.
Білім министрі Ғани Бейсенбаевтың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне енгізіледі. Сонымен қатар, білім беру саласында жасанды интеллектті қолданудың этикалық стандарттары бекітілген.
«1-ден 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған Day of AI атты онлайн курстар әзірленді, мұғалімдерге арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылды», — деді Ғани Бейсенбаев.
Сонымен бірге, президенттің тапсырмасымен жаңа оқу жылынан бастап «Келешек мектептері» басқару моделі енгізіледі. Бұл үшін басқару және аккредиттеу стандарттары жаңартылып, үш деңгейлі оқыту курсынан өткен 3 мыңнан астам педагог дайындалды. Олар жаңа модельді алдағы оқу жылында енгізуді бастайды.
Білім министрлігінің мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында елімізде 8,2 мың мектепте шамамен 4,1 миллион оқушы білім алатын болады. Бірінші сыныпқа 341 мың бала қабылданып, 11-сыныпты 232 мың оқушы бітіретін болады.