Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразиялық банк және Alatau City Bank Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қолдауымен Ақмола облысы прокуратурасының жариялаған ақпаратына байланысты ортақ мәлімдеме жасады, деп жазады ZontNews.kz.
2 қыркүйекте прокуратура ұйымдасқан қылмыстық топтың ісін тергеп жатқанын және оған банк қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін хабарлады.
Банктердің айтуынша, қазіргі уақытқа дейін прокуратурадан бұл іске байланысты ресми хабарлама түскен жоқ. Жақын күндері қаржы ұйымдары прокуратураға ресми сұрау жолдап, қосымша түсініктеме сұрайды.
«Әзірге қызметкерлердің тергеліп жатқан іске қатысы барын растайтын деректер бізге белгілі емес. Ресми құжаттар түскен жағдайда құқық қорғау органдарымен барынша ынтымақтасуға дайынбыз», – деп мәлімдеді банктер.
Банктер өздерінің беделін жоғары бағалайтынын және жұмысын Қазақстан заңнамасына әрі халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізетінін атап өтті. Сондай-ақ клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау негізгі басымдық екені айтылды.
Қаржы ұйымдары прокуратура мен құқық қорғау органдарын қоғамдық мәлімдемелерде барынша сақ болуға шақырды.