Қазақстандық кинорежиссер Роберт Кун Джеки Чанның жаңа фильмі «Құдай сауыттары: Ультиматум» картинасын түсіреді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Salem Entertainment компаниясының мәліметінше, аты аңызға айналған актер Роберт Кунды режиссер әрі жекпе-жек көріністерінің қоюшысы ретінде өзі таңдаған.
Роберт Кун — Disney, Paramount, Universal және 20th Century Fox сияқты жетекші студиялармен жұмыс істеген санаулы қазақстандық мамандардың бірі. Ол «Майор Гром: Ойын», «Ол — айдаһар», «Қауіптілер тобы» және «Президент Линкольн: Вампирлердің аңшысы» фильмдерінің түсіріліміне қатысқан.
Жаңа фильмнің түсірілімі 2026 жылдың көктемінде басталуы жоспарланып отыр.
«Құдай сауыттары» франшизасы Джеки Чанның ең табысты жобаларының бірі саналады. Алғашқы фильм 1986 жылы жарық көріп, көрермен арасында бірден культ мәртебесіне ие болды. Кейін «Кондор операциясы» (1991) және «Зодиак миссиясы» (2012) картиналары шыққан.
Бұған дейін Джеки Чан Алматыға келіп, жаңа фильмнің түсірілім алаңдарын таңдаған. Туындының бір бөлігі Қазақстанда түсірілетіні хабарланған.

