Қазақстанда онлайн-ойынханаларды заңсыз жарнамалаған 34 танымал блогер жауапкершілікке тартылды. Олардың бір бөлігі айыппұл төлесе, қалғандарының істері vәдениет министрлігінің қарауына жіберілді, деп жазады ZontNews.kz.
Олардың қатарында белгілі есімдер бар. Рэпер Baller (Шыңғысхан Көпбаев) биыл бес рет құмар ойындарын насихаттағаны үшін жазаланған. 60 мыңнан астам жазылушысы бар блогер әрі музыкант Ринат Шамшырақ та әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Қайсар Қамза мен Наиль Тұрғанов (Niko Net) сияқты блогерлер де назарға ілікті. Наиль Тұрғановтың жарнамадан түскен табысы 8 млн теңгеден асқан.
Ауқымды жағдайлардың бірі блогер Нұрғазы Тоқтаровқа қатысты болды. Ол жазылушыларын онлайн-ойынханаларға белсенді тартқан. Ал тапқан 16 млн теңгенің жартысын сол платформаларда қайта ұтылып қалған. Қайсар Қамза өзінің Telegram-арнасын құмар ойындарды насихаттайтын платформаға айналдырып, нұсқаулықтар мен жалған «жеңістер» туралы бейнежазбалар жариялаған.
Бұл іске басқа да инфлюенсерлер қатысқан. Олардың қатарында Зухра Хақиева, Мариям Құлжабаева, Диана Халметова, Әсем Әубәкірова, Арина Байқова және Күмісай Айымбетова бар.
ҚМА мәліметінше, айыппұл төленгеніне қарамастан блогерлердің көбі құмар ойындарды жарнамалауды жалғастырып келеді. Енді олардың әрекеттері заңсыз құмар ойын бизнесіне жәрдемдесу ретінде қылмыстық іс аясында қаралатын болады.