Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк Қазақстан банктеріне ипотекалық мөлшерлемені 25 пайызға дейін көтеруге рұқсат берілді деп хабарлады, деп жазады ZontNews.kz.
Экономикалық тұрақсыздыққа байланысты шекті мөлшерлемені 25-тен 20 пайызға дейін төмендету туралы шешім 2026 жылдың шілдесіне дейін шегерілді.
Реттеуші органдардың дерегінше, базалық мөлшерлеме 18 пайыз болған жағдайда банктер шығынсыз несие бере алмайды. Егер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 пайызға дейін төмендесе, банктердің табысы айтарлықтай азаяды.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв ипотеканың тиімді болуы үшін мөлшерлеме базалық деңгейден кем дегенде 4–6 пайыз жоғары болуы қажет екенін айтқан. Бұл шамамен 22–24 пайыз аралығына сәйкес келеді. Сарапшының пікірінше, бұлай болмаған жағдайда нарықта тек «Отбасы банк» қалады. Қазір коммерциялық банктер ипотекалық өтінімдердің шамамен 75 пайызын мақұлдамайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк жаңа есептеу әдістемесін әзірлеп жатыр. Жаңа жүйе бойынша пайыз мөлшерлемесі бастапқы жарнаның көлеміне байланысты айқындалмақ: өз қаражаты көп болған сайын тәуекел азайып, мөлшерлеме төмендейді. Реттеушілердің айтуынша, бұл тәсіл банктер мен қарыз алушылардың мүдделерін теңестіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, үкімет «Отбасы банк» үлгісімен жұмыс істей алатын қаржы ұйымдарының тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл ипотекалық нарықтағы бәсекені арттырып, азаматтарға көбірек мүмкіндік бермек.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұған дейін 20 пайыздан жоғары мөлшерлеме көпшілік үшін ауыр екенін айтқан. Оның сөзінше, реттеушілер тұрғын үйдің қолжетімділігі мен банк жүйесінің тұрақтылығы арасынан тепе-теңдік іздеп жатыр.

