Шілде айында елде сібір жарасының зертханалық түрде расталған жеті жағдайы тіркелді, деп жазады ZontNews.kz.
Оның бесеуі Ақмола облысында, біреуі Қарағанды облысында анықталды (науқас Жамбыл облысынан), тағы бір жағдай Шымкентте тіркелген. Соңғысы Түркістан облысындағы індет ошағына қатысты.
15 тамыздағы мәлімет бойынша, жаңа жағдайлар анықталған жоқ. Түркістан облысындағы бір ошақтан басқа барлық ошақтар оқшауланды. Ақмола облысында ахуал тұрақты: бір науқас инфекциялық стационарда қанағаттанарлық жағдайда ем қабылдап жатыр, қалғандары сауығып шыққан.
Маусым айында Ақмола облысының Атбасар ауданында індет ошағына байланысты карантин енгізілген. Сол кезде сегіз жағдай зертханалық түрде расталған. Өлім-жітім болған жоқ.
Сібір жарасы – жануарлардан адамға жұғатын қауіпті инфекция. Ол ауру малдың еті, терісі немесе жүні арқылы, сондай-ақ спорасы тыныс жолына түскенде жұғуы мүмкін. Аурудың терілік, өкпелік, ішектік және септикалық түрлері бар. Дер кезінде антибиотикпен емдегенде, сауығу болжамы қолайлы болады.