Қазақстанда жаңа күріш сорты шықты. Оған «Сыр Сұлуы» атауы берілді. Ерекшелігі – пісу мерзімі қысқа, сондықтан суды аз қажет етеді, деп жазады ZontNews.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараты бойынша, жаңа сорт И.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында сынақтан өткізіліп жатыр. Нәтижелерге сәйкес, күріш 105–110 күнде піседі, өнімділігі жоғары, жергілікті климат пен топыраққа бейімделген. Дұрыс агротехникалық шаралар сақталса, әр гектардан 80–85 центнер өнім алуға болады.
Қызылорда облысында өсірілетін ресейлік сорттар 120–125 күнде ғана піседі.
«Қазақстанның оңтүстігіндегі су тапшылығы жаңа үнемдеу тәсілдерін іздеуді қажет етеді. Климаттың жаһандық өзгерістерін ескерсек, мұндай дақылдар су көп қажет ететін қолданыстағы сорттарға балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығын дамытуға және күріш алқаптарында суды үнемдеуге елеулі үлес қосады», – деді И.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ғылыми жұмыс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.
Суды үнемдеу үшін басқа да әдістер қолданылып жатыр. Институт министрлікпен бірлесіп, венгрлік Water Retainer препаратының сынақтарын жалғастыруда. Ол топырақта ылғалды сақтап тұруға арналған. Қазір бұл құрал Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола және Жетісу облыстарындағы суармалы алқаптарда қолданылып жүр.
«Төрт ғылыми-зерттеу институты қатысқан алғашқы сынақ кезеңі препараттың күріштің вегетация мерзімін қысқартып, суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Дәстүрлі әдісте күрішке 90 күн бойы су беріледі, ал бұл препарат қолданылғанда 51 күн жеткілікті», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылыми және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.