2024 жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға көпдеп жазады ZontNews.kz Ranking.kz дерегіне сүйеніп.
Агенттік мәліметінше, неке саны бойынша Алматы қаласы алда. Мұнда 13,7 мың неке қиылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 пайызға жоғары. Екінші орында — Түркістан облысы (12,1 мың), үшінші орында — Астана қаласы (10,9 мың).
Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында — 1,5 мың неке. Солтүстік Қазақстан (3 мың) мен Абай облысында (3,6 мың) да неке саны аз.
Алғаш рет некеге тұрған ерлердің саны 96,5 мың адамға жеткен. Бұл бір жыл ішінде 2,2 пайызға өскен. Бұрын ажырасқаннан кейін қайта үйленген ерлер саны — 25,7 мың. Бұл көрсеткіш те 3,9 пайызға артқан. Қайтыс болған жұбайынан кейін қайта отбасын құрған ерлердің саны 1,4 мыңға жетіп, 3,4 пайызға азайған.
Әйелдер арасында да осындай үрдіс байқалады. Алғаш рет тұрмыс құрған әйелдердің саны 97,8 мың болып, 1,9 пайызға артқан. Бұрын ажырасқаннан кейін қайта тұрмыс құрғандар — 24 мың, бұл — 5,2 пайызға өсім. Жесір әйелдердің қайта тұрмысқа шығуы 1,7 пайызға кеміп, 1,8 мыңға жеткен.
2024 жылы елде 40,6 мың ажырасу тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға көп.
Ажырасудың ең жиі тіркелетін кезеңі — некеден кейінгі 1–4 жыл аралығы. Бұл санатқа 14,2 мың жағдай кіреді, бұл — 1,3 пайызға өсім. 5–9 жыл бірге тұрғандар арасында 9,9 мың, 10–14 жыл тұрғандар арасында — 6,9 мың ажырасу тіркелген.
Неке қиылғаннан кейін бір жыл өтпей ажырасқан жұптар саны — 3,3 мың. Ал 15–19 жыл бірге өмір сүрген соң ажырасқандар — 2,1 мың. 20 жылдан кейін отбасын бұзғандар саны — 4,1 мың.
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама нәтижесі халықтың неке мен отбасыға қатысты көзқарасының әртүрлі екенін көрсетеді. Көпшілік үшін отбасы — махаббат пен бақыттың, ұрпақ жалғастыру мен өмір мәнінің символы. Респонденттердің 23 пайызы отбасыны жауапкершілік деп санайды, 16,7 пайызы оны қоғамның негізі ретінде бағалайды. 7,1 пайызы ғана отбасыны жалғыздықтан құтылу жолы деп есептейді.
Неке туралы пікірлер де әртүрлі. Сауалнамаға қатысқандардың 58,5 пайызы неке ұғымын «отбасы құратын екі адамның одағы» деп сипаттаған. 18,7 пайызы үшін бұл — өзара келісімді ресми тіркеу. 10,8 пайызы оны ортақ тұрмыс пен бюджеттің бастауы деп біледі. 8 пайызы неке — заң алдында мойындалу десе, 1,9 пайызы оны қаржылық қиындықтарды шешу амалы деп санайды. 1,7 пайызы үшін неке — бала сүюдің алғышарты.
Неке қиюдың негізгі себептері ретінде респонденттер махаббат, ортақ көзқарас, бала сүю ниеті, дербестікке ұмтылыс, материалдық жағдайды жақсарту және күтпеген жүктілікті атаған.