Қазақстанда ең сұранысқа ие әрі жоғары жалақы төленетін мамандықтар аталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, тамыз айында жұмыс берушілер саны шілдемен салыстырғанда артты. Электрондық еңбек биржасына шамамен 240 мың бос жұмыс орны жарияланған.
«Шілдемен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны екі есеге өсті. Ал түйіндеме саны аздап қысқарды – Enbek.kz сайтына небәрі 138 мың адам ғана түйіндеме қалдырды», – деп мәлімдеді министрлік.
Сала бойынша сұраныс:
- білім беру – 120,7 мың;
- ақпарат және байланыс – 17,4 мың;
- қызмет көрсету – 17,1 мың;
- өңдеу өнеркәсібі – 15 мың.
Бұл төрт сала барлық ұсыныстардың 70 пайызынан астамын құрайды. Әр бесінші білім беру вакансиясы Астана мен Алматыға тиесілі.
Сонымен бірге министрлік жұмыс іздеу белсенді болған өңірлерді атады.
«Жалпы түйіндемелер саны аздап төмендегенімен, кейбір өңірлерде өсті. Көш басында – Алматы облысы, Алматы қаласы, Түркістан облысы. Ал Шымкентте, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында белсенділік төмендеді»
Ең көп сұранысқа ие мамандықтар – PR-менеджерлер, математика мұғалімдері, тәрбиешілер, күзетшілер, жүргізушілер.
Тамызда ең жоғары жалақы мына лауазымдарға ұсынылды:
- өндіру өнеркәсібіндегі цех бастығы – 844 мың теңге;
- энергиямен жабдықтау қызметі басшысының орынбасары – 733 мың теңге;
- IT саласындағы бағдарламалар бас редакторы – 718 мың теңге.
Ал үміткерлердің өзі ең жоғары жалақыны техникалық директор (орта есеппен 1,2 млн теңге), ұшқыш (1,2 млн теңге) және коммерциялық директор (1,1 млн теңге) қызметтеріне күтеді.