Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салу бойынша жобаны Қытай компаниясы жүзеге асыруы ықтимал, деп жазады ZontNews.kz.
Бұл туралы бірінші вице-премьер Роман Скляр Үкімет отырысындағы брифингте айтты.
Склярдың мәліметінше, аталған компания бұған дейін екінші атом электр станциясының мердігері ретінде таңдалған. Үшінші жобаны да сол компания жүзеге асыруы мүмкін. Құрылыстың нақты құны жобалық-сметалық құжаттама әзір болған соң белгілі болады.
«Мемлекетаралық келісім мен серіктестік форматына қатысты мәселелер Ресей тарапымен келісілуде. Кейін бұл құжаттар Парламенттің қарауына енгізіледі», – деді вице-премьер.
Үшінші станцияның нақты орналасатын жері әзірге анықталған жоқ. Склярдың айтуынша, алаң таңдау кезінде негізгі өлшемдер – тұрақты су көзі мен өндірілген электр энергиясын жүйеге тиімді енгізу мүмкіндігі. Бұл бағыттағы жұмыс Атом энергетикасы агенттігі мен «Электр атом станциялары» серіктестігімен бірлесе атқарылып жатыр.
«Жыл соңына дейін жаңа станциялар салынатын орындар анықталады деп ойлаймын. Бұл жерде құпия ештеңе жоқ», – деді ол.
Бұған дейін Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынады деп хабарланған. Бұл жобаны Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы іске асырады. Құрылысты 2030 жылы бастау жоспарланған. Ал екінші атом электр станциясын Қытайдың CNNC компаниясы салады.