Шымкентте «Ауыл шаруашылығын қолдау қорының» басшылары 8 жылға сотталды

Фото: Evanto

Шымкентте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» басқарма мүшесі, төраға орынбасары Мұрат Искаков пен серіктестік директорына сот үкімі шықты, деп жазады ZontNews.kz.

Олар мемлекет қаржысын жымқырды деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, 2017–2018 жылдары Искаков пен серіктестік директоры өзге адамдармен алдын ала сөз байласып, 430,6 млн теңгені иемденген.

«Қор қаражатты „Алма бау бақшалары“ және „Оңтүстік бау бақшалары“ серіктестіктерінің алма бағын өсіруге бөлген. Искаков мемлекеттік қызметке теңестірілген тұлға ретінде өз лауазымын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырған», — делінген сотта.

2019 жылы серіктестік директоры өзге серіктестерімен бірге Шымкент қаласының бюджеті есебінен 255,3 млн теңгені иемденген. Бұл қаражат бақ шаруашылықтарына субсидия ретінде бөлінген.

Сот айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Прокуратура қатаң жаза тағайындауды сұрады. Серіктестік директоры жазаны жеңілдетуді өтінсе, Искаков өзін ақтауды талап етті.

Сот шешімімен серіктестік директоры сегіз жылға сотталды. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салынды.

Мұрат Искаков та сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары бар екені жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *