Еуразиялық банк төңірегіндегі акционерлер арасындағы дау жаңа кезеңге өтті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Шухрат Ибрагимовтың кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Кеңестің жаңартылған құрамына Жанбот Бекенов, Арман Нурушев және Ерлан Мусин кірді.
Ибрагимовтың тағайындалуы «Еуразиялық қаржы компаниясы» холдингінің акционерлері арасындағы шиеленіс күшейген тұста жүзеге асты. Холдинг банктің негізгі иесі болып саналады. «ЕҚК»-нің үлестері Патох Шодиевке, Шухрат Ибрагимовтың анасы Мукадасханға және марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тең бөлінген.
Бұған дейін Машкевич пен Шодиев холдинг активтерін Freedom Holding компаниясының негізін қалаушы Тимур Турловқа шамамен бір миллиард долларға сатуды көздеген. Бірақ Ибрагимов бұл мәмілені тоқтатып, сотта жеңіске жетті. Қыркүйекте бірінші инстанция соты директорлар кеңесінің құрамын өзгерту туралы шешімді заңды деп таныған.
39 жастағы Шухрат Ибрагимов Eurasian Resources Group S.a.r.l компаниясында директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директор қызметін қатар атқарады. Сондай-ақ ол Қазақстан президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі және АҚШ-та өтетін Халықаралық Азия кинофестивалінің президенті.
Financial Times басылымының дерегінше, Ибрагимов енді ERG холдингіндегі Машкевич пен Шодиевтің үлестерін сатып алуға ниетті. Басылым мәліметінше, бұл активтерге Қытай мен АҚШ инвесторлары да қызығушылық танытып отыр.

