Алматы облыстық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істің апелляциялық қаралуы басталды. Шағымды сегіз сотталған азамат түсірген, деп жазады ZontNews.kz.
Істі судья Досымбек Қалдарбек жүргізіп жатыр.
Журналистер сот залына кіргізілген жоқ. Ақпарат құралдары үшін бөлек бөлмеде онлайн-трансляция жасалды, бірақ дыбысы нашар болды. Бейнежазба түсірген операторларды да сыртқа шығарды. Қазір тілшілер сот барысын WhatsApp арқылы берілген аудиобайланыс арқылы қадағалап отыр.
Бүгін сотталғандардың туыстары сөз сөйледі. Олар «алдыңғы сот отырыстары әділ өтпеді» деп санайтынын жеткізіп, азаматтық талаптың қанағаттандырылғанына наразылық білдірді. Сонымен қатар сот куәгерлер Жақсыгелді Дана, Эльмира Нұрбекова, Юлдаш Розбакиев және Арлан Қазыкеновке қатысты бөлек қаулыны да қарап жатыр.
Еске салсақ, бұл іске қатысты үкім маусым айының басында шыққан еді. Сот тоғыз адамды кінәлі деп тапты:
- Абзал Шынасыл – кісі өлтіру, кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық үшін 23 жылға сотталды;
- Равиль Сакиев – кісі өлтіруге оқталу және төбелеске қатысқаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Азамат Тоқтаубаев – бұзақылық, ұрлық және бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жыл алды;
- Нұркияс Ілиясов – алдыңғы соттылықтарын есепке алғанда, 9 жылға кесілді;
- Дархан Аскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев және Дидар Қалиахмет – әрқайсысы төбелеске қатысқаны үшін 7 жылдан алды;
- Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ – қылмыс туралы деректі жасырғаны үшін 1,5 жылға сотталған. Жасөспірім жуырда бостандыққа шықты.